Телефон: +7 (7172) 489-074

Эл. почта: foto1@inform.kz

31.05.2021 «АЛЖИР» музейі қайғы мен қасіретке толы тарихтан сыр шертеді
1571

31 мамыр - Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Репрессияға Кеңес Одағының аумағында тұрған түрлі халық топтары, барлық ұлт өкілдері ұшыраған. Жаппай қуғын-сүргін жылдары тарихта қазақ халқының қабырғасын қайыстырған қасіретті кезең болып қалды. Сол кезде 1937 жылы ату жазасына кесілген «халық жауларының» жесірлері мерзімін өткерген арнайы лагерь Ақмола облысында орналасты. Ол Ақмоладағы отанға опасыздық жасағандардың әйелдерінің лагері деп аталды. АЛЖИР-ге әйелдерді елдің түкпір-түкпірінен: Мәскеу, Ленинград, Украина, Грузия, Армения, Орта Азиядан жеткізген.  Мұнда қамауға алынған әйелдерге орын жеткен жоқ. Сондықтан  зонаға жаңа жеткізілгендер қақаған аяз бен аптап ыстықта паналауға арналған барактарды өздері салған. Жататын төсектері болмай, ағаш үстіне сабан төсеп жатты. Бұл жер – адамзат трагедиясының куәсі. 2007 жылғы 31 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен осы жерде саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алуға арналған "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешені ашылды. Мұндағы әрбір қолжазба, фотосурет, барак танымал мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткерлері жұбайларының бастан кешкен қайғылы оқиғалары туралы сыр шертеді. Қазақстан халқы саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен миллиондаған отандастарына тағзым етіп, олар жайлы естелік ұрпақ жадында мәңгі бақи сақталады.