Телефон: +7 (7172) 489-074

Эл. почта: foto1@inform.kz

30.05.2017 А.Л.Ж.И.Р. Адамдар шынайы тарихты білуі тиіс
4459

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін - ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Атаулы күн Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. 



Бұл дата Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.
Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жабылып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады. Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды.
Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысы қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.
 
Видео: Ильзат Сафаргалиев