20.03.2022
Елордалық ҚХА Наурыз мейрамын атап өтті
525
Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы Наурыз мейрамын атап өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілдері, дипломатиялық өкілдіктердің елшілері, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ өкілдері, ҚР ІІМ Нұр-Сұлтан қаласының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам қайраткерлері, жастар, БАҚ өкілдері, елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Бүгін елордалық Достық үйінің алаңында мерекелік іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары жиналып, бір-біріне көктемнің басталуымен және жаңаруымен құттықтады.
Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік іс-шара ұйымдастырып, киіз үйлер мен алтыбақан орнатып, қазандарда наурыз көже мен палау пісірілді, сол сияқты мерекелік дастархан дайындалып, барлық қатысушыларға бауырсақтар таратылды. Қалалық ҚХА Аналар кеңесі елордалық бүлдіршіндердің тұсау кесу рәсімін ұлттық дәстүрге сай, жөн-жоралғымен өткізді.